05 там, 2024 сағат 18:44

Білім беру гранты қалай бөлінді - министрлік түсініктемесі


Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024-2025 оқу жылына арналған білім беру гранттарын бөлуге қатысты егжей-тегжейлі мәлімет берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство мәліметінше, жалпы грант саны 94 мыңнан астам.

"Оның ішінде 78 мың грант – бакалавриат студенттеріне, 13 мың грант магистратураға берілсе, 3 мың грант болашақ докторанттарға қарастырылған. 99 пайыз грант 4 жылда тұңғыш рет игерілсе, су тасқынынан зардап шеккен өңір талапкерлеріне 15 382 грант берілген", - делінген хабарламада.


Қазақстанда ашылып жатқан шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары үшін 1 890 грант бөлінген. Одан бөлек, 5 000 нысаналы грант 100 пайыз, ауыл шаруашылығы мен ветеринария бағытындағы гранттар толық игерілген.

Биыл 104 121 түлек грантқа өтінім берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 10 000 адамға артық көрсеткіш.

Айта кетейік, TikTok желісінде гранттың басым көпшілігі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың оқушыларына беріліп кеткеніне наразы түлектердің видеосы тарады. Олардың айтуынша, төтенше жағдай деген жеңілдігі барлардан жоғары балл алса да, грантқа өтпей қалу әділетсіз деп санайды.

"Неліктен су тасқыны болған жерлерге жеке гранттар бөлу мүмкін болмады? Осы мылқау жүйенің арқасында бір жыл оқып ұшып кеттік. Гранттарды қайта қарастырыңыздар! Әділдік қайда?", - дейді Томирис есімді желі қолданушысы.