Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі
Маңғыстау облысындағы полигонда сарбаз өлімге әкелетін жарақат алды. Ол ауруханаға барар жолда көз жұмған.
Қайғылы оқиға 7 қыркүйекте "Оймаш" полигонында "Батыс" аймақтық қолбасшылығы бөлімшелерінің жиындары кезінде болған. Бұл туралы cmn.kz және lada.kz хабарлайды.
Ал Stan.kz осы оқиғада қаза болған сарбаздың әкесі жасаған видеоүндеуді жариялаған.
Марқұмның әкесінің сөзінше, қайғылы жағдай лейтинант қарумен ойнап отырғанда болған. Сол кезде абайсызда тапанша атылып кетіп, оқ сарбаздың бетіне тиген."Ақтауға бара жатырмын. Ұлымды бетінен атып өлтірді. Бұл абайсызда болған жағдай емес. Қару атылып кету үшін сақтандырғыштан алу керек. Бұл абайсызда болмайды. Қазір ол қамауда дейді", – деді ер адам.
БАҚ мәліметінше, шамамен 17:10-да лагерьдің кезекшісі, ПМ 9 мм тапаншасынан рұқсат етілмеген оқ атып, гвардия қатардағы жауынгері Марат Ерболұлы Барқұловтың бетіне тигізген.
Жігіт оқ жарақатымен шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізілді, алайда жолда, шамамен 17:40-та, қайтыс болды. Ақтау гарнизонының баспасөз қызметінің мәліметінше, өлім қаруды дұрыс пайдаланбау салдарынан болған.
"Іс Қорғаныс министрінің ерекше бақылауына алынды. Оның тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Ш-Х. Жазықбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды. Қайғылы жағдайдың мән-жайлары жан-жақты тексеріліп, тергеу органдарына объективті тергеу жүргізу үшін толық көмек көрсетілу үстінде.
Кінәлі тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады", - делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарында.
Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр, қылмыстық іс қозғалды. ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы мен жеке құрамы қаза болғанның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.