© Sputnik/Александр Мироглов
Қазақстандық меценат "ҚазАзот" АҚ басшысы Бахаридин Әбіләзімов бүлік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдап, қорға 500 млн теңге аударды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.
"Алматыда бүлінген, өртенген нысандардың көбі шағын кәсіпкерлерге тиесілі. Қанша дүние қирады, бүкіл Қазақстанда қирап жатыр. Оларға қолдау көрсететін қор ашылды деп естіп, өзімнің, ұжымымның атынан 500 млн теңге қаржылай көмегімді білдіргім келіп отыр. Күш біріктіріп, елімізді бірге қалыпқа келтірейік. Ауқатты азаматтар "Атамекеннің" бастамасын қолдайды деп сенемін. Қазақ халқын әлемге жақсы жағынан көрсетуге шақырамын", – деді ол.
Қаржы кәсіпкерлік субъектілерін қалпына келтіру үшін құрылған "Күшіміз бірлікте" қорына аударылады. Бұл – қорға түсетін алғашқы қомақты қаржы.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышев "Күшіміз бірлікте" қорын құратынын мәлімдеген болатын.
Қорға түскен қаражат Алматы қаласы және басқа да аймақта зардап шеккен кәсіпкерлерге арнайы комиссияның шешімінен кейін бөлінеді.
Қаржылай қолдау көрсетемін деген азаматтар Ұлттық палатаның сall-орталығына және Алматы қаласының өңірлік кеңесіне хабарласа алады:
+7778 4101758; +7775 1261839.