Фото: Ашық дереккөз
Бокстан Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем біріншіліктерінің күміс және қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев өз өміріне қауіп төнгенін айтып, құқық қорғау органдарына жүгінді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол Қазақстан полициясы мен прокуратурасынан қорған сұрап отыр.
Спортшының мәлімдеуінше, 2025 жылдың мамырында өзін Қазақстан азаматтары ретінде таныстырған екі адам Түркияның Стамбұл қаласына бапкер ретінде жұмыс істеуге шақырған. Айтуынша, сол сапардан кейін күмәнді жағдайлар басталған.
«Стамбұлға барғанда сол азаматтардың үйінде он күндей тұрдым, екеуіне бапкер болып, жаттығулар жасадық. Елге оралғаннан кейін Шыңғыс Мұқашев қайта хабарласып, бір-екі азаматтың аяқ-қолын сындыру керектігін айтты. Мен үзілді-кесілді бас тарттым», – дейді танымал боксшы.
Біршама уақыт өткен соң Еркебұлан Шыналиевке Түркиядан қайтадан хабарласқан.
«Биыл қаңтар айында олар тағы хабарласып, Түркияға тағы шақырды. Әрі бапкер боласың, әрі жаңа жоспарлар бар деді. Мен барған соң әуежайдан күтіп алып, Стамбұлдан 150-200 шақырым алыстағы ну орманға алып барды да, тастанды ғимаратқа кіргізді. Басыма оқталған пистолет тақап, бір қағаздарды көрсетті, «ҰҚК-ның өкілімін деп айтасың» деп мәжбүрледі. Мен қорыққанымнан талап еткеннің бәрін айтып бердім», – деп баяндады ол.
Оның айтуынша, орман ішінде тағы бірнеше адам болған. Олар Орта Азия елдерінен Түркияға кеткен, сақал қойған азаматтар болған.
«Меніңше, бұл әрекеттердің барлығы Түркия билігінен саяси баспана алу мақсатында жасалған», – деп топшылады спортшы.
Видеоүндеуінің соңында Еркебұлан Шыналиев Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасынан жағдайға құқықтық баға беріп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады.

