Актриса Дариға Бадықова Асхат Садырбайға берген сұхбатында отбасындағы жауапкершілік пен тұрмыстық қиындықтар туралы ойын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің пікірінше, қиындыққа тап болған адам оған мойымай, жағдайын жақсартудың жолын іздеуі керек. Әңгіме барысында ол бала тәрбиесі мен отбасының материалдық мүмкіндігіне де тоқталды.
Бадықова кейбір отбасылардың бес-алты балалы бола тұра, олардың тамағы мен күнделікті қажетіне қаражат таба алмай отырғанын сөз етті. Осыған қатысты актриса:
“Мал таппайтын еркектің ұрпағын көбейтудің қажеті жоқ”, – деді.
Өзі бір отбасының тамағын, бір отбасының киімін түгендеп беретінін сөз етті.
Айта кетейік, Дариға Бадықова жеке өміріне қатысты алғаш рет үн қатты.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Бадықова - қазақстандық актриса әрі продюсер. Ол 1985 жылы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Өнер жолында режиссер Болат Атабаевтың “Ақсарай” музыкалық театрында еңбек еткен.
Көпшілікке “Келінжан” телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы кеңінен танылды. Кейін осы жобаның толықметражды фильмдеріне де түсті. Актриса “Қазақша бизнес” фильмдер сериясында және “Гудбай, мой бай!” комедияларында өнер көрсеткен.
Бадықова актерлікпен қатар, кино өндірісінде продюсер ретінде де жұмыс істейді. Ол басты рөлдердің бірін сомдаған “Хотя бы в кино” фильмінде продюсерлік қырынан танылды. Бұл туындыда актер Олжас Абаймен бірге ойнаған.