Қазақстан Республикасының бас санитары Жандарбек Бекшин коронавирус инфекциясының Қазақстанға кіру ықтималдығына қатысты ғалымдар болжамымен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Барлық тиісті шараны іске асырып жатырмыз. «Шеңбер» аясы қысылып бара жатқанын көріп отырсыздар. Қытай ғана еді басында. Қазір Иран, Оңтүстік Корея, артынша коронавирус Еуропа елдерін шарпыды. Инфекция тіркелген елдердің ортасында қалдық. Әлбетте, бізге вирус кірмейді деп кепілдік бере алмаймыз. Вирус – қамап тастайтын «мал» емес. Адам немесе жануардың бойында өсіп-өркендей береді. Күн сәулесі оны жеңе ме, жоқ па деген де сұрақ қойылып жатыр. Алайда бұлай ойласақ, күн жарқырап тұрған Иранды қараңыз. Вирус кез келген жануардың азғасында дами береді деп айтар едім. Біздің міндет – тәртіп болатындай ұйымдастыру жұмысын күшейту», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, денсаулық сақтау министрлігінің жанында арнайы топ бар. Оған кіретін мамандар коронавирустың келу уақытына болжам жасайды. Болжам бойынша наурыз айының 11-16 аралығында Қазақстанда коронавирус тіркелуі мүмкін.
«Бірақ бұл тек болжам ғана. Коронавирус бізде пайда болған жағдайда біз бірден арнайы шараларды қолға аламыз», - деді ол.
Бас санитар дәрігердің сөзінше, бұл болжам ғалымдардың математикалық модельді есебіне сүйене жасалған.
«Біз жағдайды зерттеп отырмыз. Шеңбердің ішінде қалдық. Тіркелуі әбден мүмкін, бірақ қашан екені белгісіз. Ғалымдар 10-16 наурыз аралығы деп болжағанымен, ол тек тұспал. Бір апта ары, бір апта бері. Болжам орындалмай қалуы да мүмкін», - деді ол.
Covid-19 деп аталатын жаңа коронавирус 2019 жылдың желтоқсанында тарала бастады. Қытайдың Ухань қаласында (Хубэй провинциясы) бұрын-соңды белгісіз болған ауру өршіді. Қазір коронавирус әлемнің 100-ге жуық елінде анықталды. Джон Хопкинс институтының мәліметінше, әлемде 113 773 адам коронавирус жұқтырған, 4 008 адам көз жұмды. 63 663 адам аурудан айықты.
Қазақстанда әзірге коронавирус тіркелген жоқ.