TikTok желісінде бір миллионнан астам жазылушысы бар блогер Қолғанат Жұмабаевқа қатысты оның әйелі жағаұстатар мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
Қолғанат Жұмабаевтың жұбайы Құлпынай Калменова күйеуі 10-12 жастағы қыздарға махаббат хаттарын жазып, құшақтасып суретке түскенін айтып отыр. Мұның бәрін блогердің әйелі әлеуметтік желіге салып, халықтан көмек сұрады. Айтуынша, күйеуі мен оның туыстары және фотодағы қыздардың әке-шешесі оны сотқа береміз деп қысым жасап жатыр.
«Өлердей жиіркенемін»
Бастапқыда Құлпынай Калменова (@kulpynai_ka) миллиондаған аудиториясы бар блогер күйеуі ортақ баласына қараспайтынын, еміне ақша бермейтінін айтып, видео жариялаған. Ол Қолғанат Жұмабаевтан (@zhumabaev_07) кеткенін, алайда ажырасқалы бері ол баласын тіпті ұмытқанын айтады. Осыдан кейін күйеуінің туыстары оған қысым жасап, видеоны өшіруді талап ете бастаған. Ашынған әйел осыдан кейін күйеуінің 10-12 жастағы қыздарға түннің бір уағында жазғанын, олармен құшақтасып суретке түсетінін жариялады.
«Өлердей жиіркенемін. Мынандай адаммен 5 жыл бірге тұрыпты ғой деген ойдың өзі өлтіріп барады. Егер ол үлкен әйел болса, жеңіл жүрісті біреу болса, тоқалы болса, дәл осылай ызыланбайтын едім. Оны жайына жібере салатын едім. Бұл жерде кішкентай қыздар, әлі кәмелеткен де толмаған. Менің байым түнгі 12-де қасымда жатып, кішкентай 10-11 жастағы қыздың жекесіне «сен сондай әдемісің, қарай беремін ғой, өзім ғашық болып қалдым ғой» деп жазған. Біріншіден, ол психологиялық дұрыс адам емес. Екіншіден, бұл – қылмыс. Ал ондай адаммен мен бірге өмір сүрмеймін», - дейді Құлпынай Калменова.
«Мұның бәрі сіздерге біртүрлі көрінбей ме?»
Осыдан кейін іске танымал блогер, феминист Роза Әшірбаева араласып, бұл жағдайдың көзден таса қалмауы керегін айтты. Ол ҚР бала құқығы жөніндегі уәкілі Динара Зәкиеваның әлеуметтік желідегі парақшасын белгілеп, істі өз назарына алуды сұрады.
«30 жастағы еркек бөтен 10-11 жастағы қызға «ғашықпын» деп жазып, шашынан иіскеп, суретке түсуі, түнгі 12-де хат жазуы қалыпты ма, қалай ойлайсыздар? Бұл жағдайдың педофелизм екені маған да, сіздерге де түсінікті. Бірақ қандай жағдай болмасын біз заңды түрде жұмыс істеуіміз керек», - деп Роза Әшірбаева Динара Зәкиеваның парақшасын белгілеп, көмек сұрады.
Роза Әшірбаева бұл мәселеде тағы бір назар аударарлық тұсы – миллионнан астам жазылушысы бар блогер Қолғанат Жұмабаев кәмелетке толмаған балалармен ғана контент жасайтынына назар аударған.
«Ең сорақысы, Қолғанаттың өз бизнесі бар – бұл балаларға арналған барбершоп. Ересектерге емес, балаларға арналған. Яғни ол үнемі балалармен байланыста және қателесуім де мүмкін, алайда Құлпынайдың келбеті де, түрі де бала сияқты. Бір баланың анасы сияқты емес. Мұның бәрі сіздерге біртүрлі көрінбей ме?», - дейді танымал блогер.