Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Қазақстанда қашаннан бастап медициналық маскасыз жүруге болатынын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазіргі кезде елімізде ресейлік «Спутник V» вакциянасын егу жүріп жатыр. Алдағы уақытта қазақстандық вакцина болады. Отандық вакцина клиникалық зерттеулерден өтіп жатыр», - деді вице-министр тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Сонымен қатар А. Ғиният қазіргі уақытта Pfizer вакцинасын Қазақстанға алып келу туралы нақты келіссөздер жүргізілмегенін жеткізді.
Вице-министр вакцина қойылған жағдайда маскасыз жүру мүмкіндігі туралы қойылған сұраққа жауап берді.
«Халықтың ортасында ұжымдық иммунитет қалыптаспай, халықтың 60 пайыздан астамы вакциналаудан өтпей, масканы шешуге болмайды. Ұжымдық иммунитет қалыптасқаннан кейін ғана маскасыз жүруге болады», - деді Ажар Ғиният.