Фото: Polisia.kz
Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жоғалып кеткен төрт адамға қатысты қылмыстың мән-жайы белгілі болды. Тергеу барысында олардың ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдың салдарынан өлтірілгені анықталған, деп хабарлайды Ult.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2025 жылдың желтоқсан айында полицияға 66 жастағы ер адам мен 64 жастағы әйелдің, сондай-ақ олардың балалары – 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызының хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпаған. Осыдан кейін төртеуі де із-түзсіз жоғалған адамдар ретінде іздеуге жарияланған.
Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Тергеу барысында 6 қаңтар күні үйдің шаруашылық құрылысының ішінен отбасының әкесі мен анасының мәйіттері табылған. Кейін қылмыс адам өлтіру фактісі бойынша қайта сараланып, жоғалған балаларды іздеу жұмыстары жалғастырылған.
Қылмыс жасады деген күдікпен осы отбасының бұрынғы күйеу баласы – 29 жастағы ер адам халықаралық іздеуге жарияланған. Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың кіші қызы да іздеуге берілген.
ҚР ІІМ мәліметінше, қазақстандық полицейлер Индонезия Республикасындағы әріптестерімен бірлесіп, күдіктіні сол елдің аралдарының бірінде ұстаған. Кейін ол Қазақстанға депортацияланып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Күдікті ұсталғаннан кейін кінәсін мойындап, оның көрсетуімен қосымша тергеу әрекеттері жүргізілген. Атыраудағы үй ауласын тексеру барысында бұған дейін хабар-ошарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері де табылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмысқа ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжал себеп болған. Қазіргі уақытта іс екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша тергеліп жатыр. Тергеу жалғасуда.
