24 жел, 2020 сағат 10:25

Астаналық әйел аязды күні 8 жасар қызын шешіндіріп, далаға қуып жіберген

 

Елордада әйел 8 жасар қызын жазалау үшін оны шешіндіріп, далаға шығарып жіберген. Аязды күні қар үстінде отырған кішкентай қыздың фотосы әлеуметтік желілерде тарап кетті.

Қыз баланың фотосын әлеуметтік желіге жүктеген Facebook қолданушысы анасы баласының еркелігін көтере алмай, осындай жолмен жазалағанын айтады. Екінші фотода кішкентай қыз еденде ұйықтап жатыр.

Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, 23 желтоқсан күні жергілікті тұрғындардың бірі хабарласып, көршісінің балаларын ұрып жатқанын айтқан. Оның сөзінше, әйел 6 жасар баласын ұрып, 8 жасар қызын далаға қуып шыққан.

«Полиция қызметкерлері 35 жастағы әйелді анықтады. Ол балаларының көрші үйдегі заттарды рұқсатсыз алғаны үшін осындай жаза түрін қолданғанын айтты. Қазір бұл отбасы Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің есебіне алынды. Балалардың ата-анасына қатысты тиісті шаралар қолдану үшін оқиғаның мән-жайын полицейлермен бірге Білім басқармасының мамандары да анықтап жатыр», - делінген полиция таратқан хабарламада.