25 қар, 2021 сағат 10:45

Астана қалың қардың астында қалды – видео



Елордада екі күннен бері қар толастамай жауып жатыр. Қала тұрғындары аулада көлік итеріп, қалың қарды омбылап жүр. Ал коммуналдық қызметтер көшелерді тазалап үлгермей жатыр, деп жазады Sputnik Қазақстан.


Төтенше жағдайлар департаменті халықты барынша сақ болуға шақырды. Себебі кешегі ауа-райы әлі сақталады. Қазгидрометтің мәліметіне сәйкес, 25 қараша күні бұрқасын мен көктайғақ болады.


Ал Нұр-Сұлтан полиция департаменті көлік жүргізушілерін жол ережесін сақтауға және көлікті көшенің бойына қалдырмауға үндеді. Себебі коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.


Ауа-райының қолайсыздығынан астанада бір тәуліктің ішінде жүздеген жол оқиғасы тіркелді.


Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ратбек Демеубергеннің айтуынша, бүгінде қысқы уақытта төтенше жағдайға қарсы азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының тобы жасақталды. Оған 704 адам мен 462 техника кіреді.


Қала әкімдігі қар тазалау жұмыстарының тәулік бойы екі ауысымда жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.


Түнде қалың қардың салдарынан әуежай уақытша жабылды. Ұшу-қону жолағын тазалауға тура келді. Ауа-райының қолайсыздығынан 12 рейстің уақыты кейінге шегерілді. Ал астанаға ұшып келген 9 рейсті қосалқы аэродромға қондырды.


Қалада автобустар қатынасы да кідіріп қалды. Таңертең аялдамада біраз адам жиналды. Аулада тұрған кейбір көлік қардан шыға алмай қалды. Адамдар бір-біріне көмектесіп, көлік итерді. Ал такси қызметінің бағасы шарықтап кетті.


Нұр-Сұлтан әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі кезде қарды тазалау жұмыстарына 1 300 арнайы техника мен 1 900 адам жұмылдырылды.