Алматыда проблемалық тұрғын үй кешендерінің үлескерлеріне көмектесу жолдары қарастырылып жатыр

Алматыда проблемалық тұрғын үй кешендерінің үлескерлеріне көмектесу жолдары қарастырылып жатыр
ашық дереккөз

Алматыда бірнеше проблемалық тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне келтірілген шығынды өтеу және құрылысты жалғастыру мәселесі шешіліп жатыр. Monblanc тұрғын үй кешенінің құрылысын жалғастыруға инвестор табылды, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық комиссия үлескерлердің мүддесін қорғау бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, Esentai City тұрғын үй кешенінің жылжымайтын мүлкіне салынған тыйымды алып тастау және құрылысты жалғастыру мәселесі шешілген. Ал «Достар Делюкс» тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне келтірілген шығынды өтеу тетігі меншік иелерінің бастамашыл тобына ұсынылған.

Monblanc тұрғын үй кешенінің құрылысын жалғастыруға ниетті инвестор табылды. Ол жер телімін сатып алып, үлескерлердің шығынын өтеуге дайын. Қазір инвестор мен үлескерлер арасында тиісті келісім әзірленіп жатыр.

Ал заңсыз салынған Pine Hill және Sky Club тұрғын үй кешендерінің құрылыс салушыларына қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр. Комиссия инвестормен келісімге келген. Жер телімдеріне салынған тыйым алынып, жоғалған құжаттар қалпына келтірілгеннен кейін учаскелер инвесторға беріледі. Ол өз кезегінде үлескерлер алдындағы берешекті өтеу міндеттемесін мойнына алады.

Қазір комиссия Швейцария, Silver Hills және басқа да проблемалық тұрғын үй кешендерінің үлескерлеріне қатысты мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр. Бұл нысандар бойынша қылмыстық істерді тергеудің аяқталуы күтілуде.

Алматы әкімдігі тұрғындарға бастапқы нарықтан жылжымайтын мүлік сатып алмас бұрын құрылыс салушының барлық қажетті құжаты бар екеніне көз жеткізуді ескертті.

Сондай-ақ тұрғын үй нысанының мәртебесін Қала құрылысын бақылау басқармасының +7 705 89 66 000 нөміріндегі анықтамалық WhatsApp арнасы арқылы тексеруге болады. Арна дүйсенбі-жұма күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.