12 там, 2019 сағат 11:37

Асқар Бейсенбаев Қазақстанның Беларусьтегі Елшісі болып тағайындалды

Асқар Бейсенбаев Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы Тұрақты Өкіл қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Асқар Асанұлы Бейсенбаев Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ТМД Жарғылық органдарының жанындағы Тұрақты Өкіл қызметін қоса атқарушы болып тағайындалды.

Асқар Асанұлы Бейсенбаев 1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған.

Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын (М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті Технологиялар және ақпараттық жүйелер институты), Ресей-Қазақстан Қазіргі заманғы Гуманитарлық университетін бітірген.

1983-1988 жылдары - Түлкібас консерві зауытының ауысым инженер-технологы, «Ленин жолы» кеңшарының консерві цехының бас технологы, бастығы, ЛКЖО Сайрам аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы.

1988-1994 жылдары - Түлкібас консерві зауытының бас инженері, директоры, Түлкібас нантағамдары комбинатының директоры.

1994-1998 жылдары - президент АО «Көктерек» акционерлік қоғамының президенті.

1998-2001 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының әкімі қызметтерін атқарған.

2001-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылымының депутаты.

2004-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты - Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы «Отбасы» депутаттық тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламенті жанындағы «Ауыл» депутаттық тобының мүшесі.

2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымының депутаты - Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болған.

2013 жылдан сенатор. 2013-2016 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары болды.

Осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы болды.

«Құрмет» орденімен және медальдармен марапатталған.