Арыстағы әскери бөлім қоймасында болған жойқын жарылыстан соң тұрғындарды қаладан шұғыл көшіріп жатыр. Өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Шымкентте 15 құтқару бекеті ашылған, адамдар шұғыл түрде сонда жеткізіледі.
Тұрғындардың алғашқы легін алып кету үшін 40 автобус аттанған.
Айта кетейік, Арыс халқының саны - шамамен 43 мың адам.
Тұрғындарды эвакуациялау туралы мәліметті 8 (7252) 44-34-72 нөмірі арқылы білуге болады. Сондай-ақ, Шымкент қаласының ТЖД тұрғындар үшін қауырт желі ашылғанын хабарлады.
«Арыс қаласында болған жағдайға байланысты Шымкент қаласы ТЖ департаментінде «Қауырт желісі» жұмыс жасайды. Тәулік бойы 8/7252/44-94-72 немесе 8/7252/35-33-66 телефон нөмірі бойынша сіз қажетті ақпаратты ала аласыздар», - делінген хабарламада.
Жарылыстан кейінгі шараларды төтенше жағдайлар департаменті, Түркістан облысы мен Шымкент әкімдіктері жүргізуде.