15 там, 2019 сағат 09:41

Әлеуметтік желіде баланы ұрған тәрбиешінің видеосы жарияланды

Әлеуметтік желіде балабақша қызметкерінің тәрбиеленушілермен қалай жұмыс істейтіндігі жөнінде видео жарияланды. Бейнежазбада белгісіз әйел ұйықтап жатқан баланы мазалап, беті мен жамбас тұсынан ұрғаны анық көрінеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бұл оқиға Іле ауданының Байсерке ауылындағы жеке меншік балабақшада болған. Қазіргі уақытта аудандық комиссия құрылды. Онда әкімдік, білім беру бөлімі және басқа да органдардың қызметкерлері аталған жағдайды жан-жақты тексеретін болады. Балабақша басшысы мен жұмыс ауысымында болған қызметкерлерден түсініктеме алынуда. Ата-аналармен әңгіме жүргізілуде. Барлық жағдайлар комиссияның жұмысы барысында нақтыланатын болады. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады», - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Естеріңізге сала кетейік, шілде айында Талдықорғандағы жеке меншік балабақшада осыған ұқсас жағдай болған. Тәрбиеленушілеріне қол көтерген тәрбиешінің үстінен ҚР ҚК 141- бабына сәйкес қылмыстық тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.