13 қар, 2018 сағат 14:59

Әлемдік державалар қарулану жарысына қайта оралуы мүмкін

Әлемдік державалар қарулану жарысына қайта оралуы мүмкін. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Астана клубының жалпы отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Текетірестің күшеюі қауіпсіздікті дамытудың жаһандық институттарының тиімділігі мәселесін көтеріп отыр. Бүгінгі күннің басты тренді екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болған стратегиялық тұрақтылық негіздерінің шатқаяқтауы саналады», - деп атап өтті Елбасы.

Мемлекет басшысы шағын және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою бойынша уағдаластыққа қатысты ахуалдың да күрделене түскендігін баса айтты.

«2021 жылға дейін күшінде болатын стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтарды қысқарту туралы шартты ұзартуға қатысты мәселенің жай-күйі де «бөгелу» жағдайында қалып отыр. Шағын және қысқа қашықтыққа арналған зымырандардың ыдырауы және стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақтарды қысқарту туралы шартты ұзартудағы проблемалар іс жүзінде қарулануды бақылау жүйесін күйретеді. Әлемдік державалар қарулану жарысына қайта оралуы мүмкін. Адамзат өз ұрпағының болашағына және бүгінгі кезеңде алаңдаушылық танытуда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Елбасы жиын барысында Үлкен Еуразияның сұлбасы қалыптасып келе жатқанын айтып, Ресей, АҚШ және Қытай арасындағы геосаяси бәсекелестікке алаңдаушылық танытты.