14 мам, 2025 сағат 15:40

Әлемдегі ең кедей президент дүниеден өтті

Фото: Getty Images

Уругвайдың бұрынғы президенті, өте қарапайым өмір сүргендіктен "әлемдегі ең кедей президент" деп аталып кеткен Хосе Мухика дүние салды, деп хабарлайды Ult.kz.

"Біз әріптесіміз Пепе Мухиканың қайтыс болғаны туралы қабырғамыз қайыса хабарлаймыз", — деп жазды Уругвай Президенті Яманда Орси Х әлеуметтік желісінде.


Орсидің айтуынша, Мухика тек Президент қана емес, сонымен бірге белсенді азамат, көпке үлгі және көшбасшы болған.

"Біз сені қатты сағынатын боламыз, қымбатты ағамыз. Бізге жасаған жақсылығыңыз үшін және халқымызға зор сүйіспеншілігіңіз үшін рақмет", — деп қосты ол.


Мухика 1935 жылы 20 мамырда Монтевидеода дүниеге келді.Сонымен қатар 2009 жылы Уругвай президенті болып сайланды. Ол елді 2015 жылға дейін басқарды.

Ол алты рет жараланып, 14 жыл түрмеде отырған. Мухика қамауда отырған мерзімінің көп бөлігін жалғыз камерада болған. Ол 1985 жылы Уругвайда демократия қайта орнаған кезде босатылып шықты.

Биыл қаңтар айында Хосе Мухикаға  өңеш қатерлі ісігі диагноз қойылған, ауру басқа органдарға тарап, емделмейтіні айтылды. Науқас емделуден бас тартып, отандастарымен қоштасқанын хабарлады.

Мухика "әлемдегі ең кедей президент"деген атаққа ие болған. Ол әйелімен бірге  гүл өсіріп сатқан, президент болып тұрған кезінде жалақысының 90% қайырымдылыққа беріп тұрған. Оның меншігінде жалғыз фермасы болған және 1987 жылғы Volkswagen Beetle көлігі бар еді.

Хосе Мухика 90 жасқа толуға бірнеше күн қалғанда қайтыс болды.