Ақтөбе қаласында көпқабатты үйдің бір бөлігі өртенді. Қазір пәтер иелері анықталып, өрттің шығу себебі тексеріліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Үй 3-қабаттан бастап өртенді. Үйді қаптаған зат тез шарпып кетті. Пәтерлер жабық тұр»,- дейді куәгер Ғайни Ғазизқызы.
«Сағат 15:10-да хабарлама түсіп, 10 минутта көлік жетті. Өрт 20 минутта сөндіріліп, қазір анықтау жұмысы басталды. Өрттен соң түтін шығып жатыр. Бірақ бәрі бақылауда», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Ернұр Өтегенов.
Айта кетейік, оқиға орнында бірнеше өрт сөндіру көлігі мен жедел жәрдем, полиция тұр. Сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен қала әкімі Ілияс Испанов та келген.
«Облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Өрттің шығу себебі мен зардап шеккендер анықталады», - дейді облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов.