02 там, 2023 сағат 00:21

Ақкенттегі өрттен зардап шеккен бір әйел қайтыс болды

Фото: Massaget.kz

Алматыдағы көпқабатты үйден шыққан өрттен зардап шеккен бір әйел қайтыс болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

"Алатау ауданы, Ақкент шағын ауданы, 54 мекенжайы бойынша орын алған өртке 23 жедел жәрдем бригадасы, соның ішінде 5 жансақтау бригадасы жұмылдырылды.

Барлығы 43 адам зардап шекті. 4 бала жансақтау бөлімінде жатыр, тағы төртеуі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді. Сондай-ақ үш баланың ата-анасы ауруханаға жатқызудан бас тартты.

12 ересек адам қалалық көпбейінді ауруханаларға жеткізілді, соның ішінде бесеуі ауруханаға жатқызылды, басқалары қажетті жедел медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық бақылауға жіберілді.

Өрттен зардап шеккен қалған адамдардың жағдайы тұрақты. Бір әйел көптеген жарақаттан қайтыс болды" - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, кейбір ЖК тұрғындарына оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.