26 нау, 2025 сағат 12:17

Аида Балаева «Қазақфильм» төңірегіндегі қауесеттерге жауап берді

Фото: КазТАГ

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясы төңірегіндегі түрлі қауесеттер мен жорамалдарға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Ult.kz.

Министр жұртшылықты ақпарат таратқанда тек фактілерге сүйенуге кеңес бере отырып, заңдарды елемеу жауапкершілік тудыратынын ескертті. Осыдан кейін ол бірнеше қауесетті жоққа шығарды:

Бірінші. «Қазақфильм» жерінің сатылуы жөніндегі ақпаратқа қатысты

Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. «Қазақфильмге» тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда.

Екінші. Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені жайлы

Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде.

Үшінші. Киностудияны Астанаға көшіру туралы

Бұл да ешқандай негізі жоқ қауесет. Қазіргі уақытта елордаға «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт – «Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді. 

Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда.

Осыдан кейін Аида Балаева бүгінде қазақстандық киноиндустрияда маңызды әрі оң өзгерістер болып жатқанын айтты.

"Заңға сәйкес елімізде фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын тікелей «Қазақфильмге» бағытталатын болады. Бұл киностудия жұмысының тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығын арттырады", - дейді ол.


Сондай-ақ мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды іріктеудің жаңа ережелері бекітілді. Биыл жаңа ережелер бойынша конкурс екінші рет өткізіліп отыр.

"Киностудияны халықаралық ынтымақтастықсыз дамыту мүмкін емес. «Қазақфильм» шетелдік әріптестерімен бірлесіп бірқатар маңызды фильмдер түсіруді жоспарлап отыр. Бұл – қазақстандық киноны әлемдік нарықта таныту және отандық кинематографистердің позициясын нығайту үшін маңызды қадам", - деп атап өтті Аида Балаева.


Сонымен қатар, министр демеушілерді тартудың арқасында киностудияда соңғы 15 жылда жүргізілмеген жөндеу жұмыстары басталғанын хабарлады.

"Бұл – инфрақұрылымды жаңғыртудың алғашқы кезеңі. Әрине, әңгіме әзірге күрделі жөндеу туралы емес, бірақ бұл – «Қазақфильмде» жұмыс істеу үшін қалыпты жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдар.
Атап айтқым келетіні, «Қазақфильм» тек кинотуындылар ғана емес, ең алдымен – шаруашылық жүргізуші компания және бәсекеге қабілетті нарық қатысушысы. Ол жоғары кәсіби киноөнердің дамуына лайықты жағдай жасайды. Сондықтан Министрлік бұл кәсіпорынды режиссер немесе актер емес, киностудия қызметін табысты әрі тиімді жүргізуге қабілетті кәсіби менеджер басқаруы тиіс деген қағиданы берік ұстанады. «Қазақфильмнің» тұрақты әрі тиімді дамуын қамтамасыз ету үшін Министрлік жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра береді", - деп қорытындылады Аида Балаева.


Оқи отырыңыз: "Қазақфильмнің" көздегені не? Бір топ өнерпаз киностудияның жұмысына шағымданды