Құдыққа тасталған мәйіттер: Ашаршылық кездегі жантүршігерлік жайттар

Құдыққа тасталған мәйіттер: Ашаршылық кездегі жантүршігерлік жайттар
Фото: әлеуметтік желі

Ашаршылық жылдары Павлодар өңірінен 125 мың адам Омбы мен Сібірге босып кеткен. Облыстық мемлекеттік архив деректеріне сәйкес, сол кезеңде өңірдегі 40 мың ірі қараның саны 1935 жылы небәрі 4 мыңға дейін азайып, ауылдар саны 11 мыңнан 3 мыңға дейін қысқарған, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Егемен Қазақстан ақпарат таратты. Тарихшы Сәуле Мамытованың айтуынша, аштықтан аман қалған қазақтардың көбі Алтай мен Батыс Сібірге қоныс аударып, шахталарда, кеніштерде және теміржол саласында еңбек еткен. Архивтерде Сібірде аштықтан қаза тапқан қазақтар туралы көптеген дерек сақталған.

Алапат нәубет кезінде Ертіс ауданы Қызылағаш болысының 20 мыңға жуық тұрғынының жартысына жуығы көз жұмған. Өңірде ашаршылық құрбандары жерленген көптеген орын анықталған. Соның ішінде құдықтарға жаппай көмілген адамдар туралы деректер мен ескерткіштер сақталған.

Соңғы жылдары Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобы Павлодар облысының бірнеше ауданында экспедициялар жүргізіп, ашаршылық құрбандары жерленген орындарды зерттеуде. Жергілікті тұрғындардың естеліктері жиналып, жаппай жерлеу орындары анықталуда.

Ғалымдардың айтуынша, бұрын өңірде ашаршылық құрбандары жерленген 40-тан астам орын белгілі болса, қазір олардың саны бұдан да көп екені анықталған. Бір ғана Ертіс ауданында осындай 30-дан астам орын бар.

Сәуле Мамытованың сөзінше, зерттеудің мақсаты – құрбандар жерленген орындарды анықтап, ғылыми сипаттама беру және интерактивті карта жасау. Бұл болашақта тарихи орындарды сақтауға және құрбандарды еске алуға мүмкіндік береді.

Зерттеушілердің пікірінше, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге тарихи-құқықтық баға беріліп, жазықсыз құрбан болғандардың есімдерін анықтау жұмыстары жалғасуы тиіс.

Айта кетейік, бүгін, 31 мамыр – Қазақстанда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.

Бұл күн 1997 жылы белгіленген. Жыл сайын 31 мамырда ХХ ғасырдың 20–50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен 1930-жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіледі.