16 қаз, 2017 сағат 17:31

АИ-92 маркалы бензиннің бағасы төмендеуі мүмкін

Бүгін елордада БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз турын өткізген «ҚазМұнайГаз өнімдері» ЖШС-ның даму жөніндегі басқарушы директоры Бақытжан Тасанбаев АИ-92 маркалы бензин бағасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 157 теңгені құрайды. Бұл орташа теңгерімделген өзіндік құн бойынша баға саналады.

«Біз күнделікті сараптама жасап отырмыз және қазақстандық, сонымен қатар импорттық мұнай өнімдерінің түсуіне байланысты бағаны түзетіп отырамыз. Ресейлік мұнай өнімдерінің үлкен көлемін жеткізу қажеттігіне байланысты қазақстандық және ресейлік өнімдерінің арақатынасына байланысты түзету орын алуы мүмкін. Ең жоғары шегін шектей алмаймыз. Өйткені, бағаны ешкім де реттемейді. Меніңше шектен тыс жоғары баға болмауы тиіс», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның пайымынша, қысқа мерзімді келешекте баға жоғарылайтын болады. Бұған қоса, бензин бағасының төмендеуі де мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Басқарушы директордың мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаздың» жанармай құю бекеттерінде 8-10 мың тонна мұнай өнімдері бар. Қазақстан бойынша АИ-92 бензинінің 12 мың тоннасы жолда келе жатыр. Бұған қоса, қазіргі уақытта еліміздегі мұнай зауыттарының бірінде жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын және импорттың қажет екендігін ескере отырып, «ҚазМұнайГаз өнімдері» ресейлік бензиннің 45 мың тоннасын импорттау туралы келісімге келіп те қойған.

«Павлодар мұнай-химия зауыты іске қосылғаннан кейін мұнай өнімдерін өндіру көлемі артып, ресейлік бензиннің үлесі төмен болады. Сондықтан барлығы да орын алуы мүмкін», - деді ол АИ-92 маркалы бензинінің бағасы төмендеуі мүмкін деген ойын жалғастыра келе.