07 қар, 2021 сағат 14:14

Абай шахтасындағы апат: қаза болғандардың аты-жөні жарияланды

Фото: Тұрар Қазанғапов, Tengrinews.kz

Қарағанды облысы Абай шахтасындағы апат салдарынан қаза болған кеншілердің аты-жөні мен зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды.

Шахтадағы апат кезінде зардап шеккен екі адам жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олар газдан қатты уланған. 61 және 58 жастағы кеншілерге қойылған диагноз – токсикогипоксиялық энцефалопатия.

Сонымен қатар қаза болғандардың тізімі жарияланды:

1. Краус Сергей Юрьевич, тау-кен қазу машиналарының машинисі, 1983 жылы дүниеге келген, үйленген.

2. Шмидт Виталий Владиславович, үңгуші, 1979 жылы дүниеге келген, үйленген.

3. Абдуллин Наиль Рамильевич, үңгуші, 1990 жылы дүниеге келген, үйленген.

4. Корниенко Сергей Анатольевич, тау-кен қазу машиналарының машинисі, 1971 жылы дүниеге келген, үйленген.

5. Супрунов Алексей Алексеевич, учаске бастығының көмекшісі, 1987 жылы дүниеге келген, үйленген.

6. Скидченко Николай Николаевич, техника қауіпсіздігі бойынша желдетудің тау-кен шебері, 1968 жылы дүниеге келген.

"Абай" шахтасында зардап шеккен қызметкерлер:

1. Маралбаев Жеңіс Мерекеұлы, үңгуші, 1963 жылы дүниеге келген;

2. Зейналов Элайдын Авез-оглы, үңгуші, 1960 жылы дүниеге келген.

Жарақат алған екі жұмысшы Қарағанды қаласындағы Мақажанов атындағы жалпы медициналық орталыққа жеткізілді (жағдайлары ауыр).

Төтенше жағдай министрлігінің ақпараты бойынша, сағат 12.37-де ТЖ-ны жоюға жұмылдырылған "КӘАҚҚ республикалық орталық штабы" ЖШС ҚФ (15 қызметкер), ТЖД (3 қызметкер және 2 бірлік техника), Апаттар медицинасы орталығы филиалының (3 қызметкер және 1 бірлік техника) күштері мен құралдары қайтыс болғандарды шахтадан шығарып алды.

Қарағанды облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек "Абай" шахтасында кеңес өткізді. Жағдай туралы "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз және басқа да жауапты тұлғалар баяндады.

Жедел штаб құрылды, оған компания мен мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Облыс және компания басшылығы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барады. Қазақстан премьер-министрі Асқар Маминнің тапсырмасы бойынша ТЖ министрі Юрий Ильиннің басшылығымен ТЖ мән-жайы мен себептерін анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылды.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:37-де «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында төтенше жағдай орын алды. Апат кезінде шахтада барлығы 64 адам болған. 56 адам өздері жер бетіне шыққан. Метан газы тараған 3-К10 кенжарында сегіз адам қалған. Алтауы қаза тауып, екеуі зардап шекті, олардың жағдайы ауыр.

ТЖД жедел штабының телефоны (8-7212) 51-11-10, жедел желі - (8-7212) 51-72-23.