28 сәу, 2020 сағат 13:24

4,28 млн қазақстандық 42500 теңгеден алды

Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты табысынан айырылған 4,28 миллионнан астам қазақстандық 42500 теңге көлемінде жәрдемақы алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім еткендей, 28 сәуірдегі жағдай бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) 4 млн 280 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның ішінде наурыз айында – 3 млн 732,5 мың, сәуір айында – 547,7 мың адам. 

Бүгінге дейін 42 500 теңге мөлшеріндегі төлемді алуға барлығы 8 млн 24 мың азаматтан өтініш түскен. 

Өтініштердің ең көп саны Алматы облысынан жолданған – 1 млн 45 мың. Кейінгі орындарда Түркістан облысы (999,7 мың өтініш), Алматы қаласы (896,6 мың), Нұр-Сұлтан қаласы (594,6 мың), Шымкент қаласы (534,5 мың) тұр. 

Келесі өңірлердің тұрғындарына жәрдемақы ең көп тағайындалған:

- Алматы облысы – 624,2 мың;

- Түркістан облысы – 511,2 мың;

- Алматы қаласы – 413,2 мың.

«Келіп түскен 3 млн 658 мың өтініш бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды. Себебі олар ТЖ кезінде табысынан айырылуға байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сай еместігі анықталды», - деді министрліктен. 

Бас тартудың негізгі себептері мынадай:

- өтініш берушінің жеке деректерінің дұрыс көрсетілмеуі;

- банктік шот нөмірінің дұрыс көрсетілмеуі;

- өтініш берушіде тұрақты жалақысының болуы (оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері);

- өтініш берушінің төтенше жағдай енгізілгенге дейін ресми жұмыс жасамаған зейнетақы мен жәрдемақы алушы болып табылуы;

- өтініш беруші үшін төтенше жағдай режимін енгізгенге дейін соңғы 12 ай ішінде міндетті әлеуметтік аударымдардың, зейнетақы жарналарының жүргізілмеуі, БЖТ төлемеу немесе бейресми өзін-өзі жұмыспен қамғандардың өтініш бергенге дейін БЖТ төлемеуі;

- өтініш берушінің қайтыс болуы немесе Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі.

Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

Өтініштің қаралу статусын 42500.enbek.kz сайтында тексеруге болады.

Қосымша қарауды талап ететін ерекше жағдайларда азаматтар 42500@enbek.kz42500@gfss.kz электрондық мекенжайларына жазбаша өтініш бере алады.