Астанадан шыққан жолаушылар пойызында қайғылы оқиға болды. Жүрегіне ота жасатқан ер адам жұбайымен бірге сапарлап келе жатып, жол үстінде көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желілерде Астана–Қостанай бағытында қатынайтын «Сары-Арқа Компани» ЖШС-не тиесілі пойызда жолаушының қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған. Компания бұл деректі растап, оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
Тасымалдаушының мәліметінше, оқиға 14 маусым күні кешке «Нұрлы жол – Орал» бағытындағы №57 жолаушылар пойызында болған. Бурабай курорты станциясына жақындаған сәтте №19 вагондағы жолаушының денсаулығы кенеттен нашарлаған.
Жолсерік жағдай туралы пойыз бастығына хабарлап, локомотив машинисі арқылы шұғыл түрде жедел жәрдем шақырылған.
Компанияның хабарлауынша, ер адам 54 жастағы жұбайымен бірге сапарға шыққан. Әйелінің айтуынша, күйеуі жүрегіне жасалған операциядан кейін клиникадан қайтып келе жатқан.
Жедел жәрдем қызметкерлері Бурабай курорты станциясында сағат 23:49-да пойызға көтеріліп, науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Алайда көп ұзамай ер адам есінен танып қалған. Дәрігерлер сағат 00:30-да оның қайтыс болғанын тіркеді. Марқұм 23 маусым күні 56 жасқа толуы тиіс болған.
Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебі жарияланған жоқ. Әлеуметтік желілерде жүрек талмасы туралы болжамдар айтылғанымен, компания бұл ақпаратты растаған жоқ.
Оқиғадан кейін марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін Көкшетау станциясында пойыздан түсірілді. Тасымалдаушының мәліметінше, оқиға бойынша тиісті акт рәсімделіп, барлық жауапты қызметкерлердің түсініктемелері алынған.
Медициналық және тергеу шараларына байланысты пойыз кестеден 43 минутқа кешігіп қозғалған. Өлімнің нақты себебі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.