Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жұмыс уақытында құмар ойындарға қатысқан мемлекеттік қызметкерлер жауапкершілікке тартылып, қызметтерінен босатылды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, мемлекеттік органдардың бірқатар қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқаруы тиіс уақытта құмар ойындар ойнаған. Қадағалау органы мұндай әрекеттер мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарына, қызметтік әдеп талаптарына қайшы келетінін және мемлекеттік органдардың беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
Тексеру нәтижесінде заң талаптарын бұзған төрт мемлекеттік қызметкер атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.
Прокуратура мемлекеттік қызметтің абыройына кері әсер ететін құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.