Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері қаралды. Отырыс барысында депутат Наурыз Сайлаубай ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге мемлекеттік қарыздың өсуіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды ult.kz.
Депутат Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында қарыз есебінен өмір сүру моделінің қалыптасқаны атап өтілгенін айтып, мемлекет тартқан несиелердің едәуір бөлігі бұрынғы қарыздарды қайта қаржыландыруға жұмсалып жатқанын жеткізді.

Фото: parlam.kz
«2025 жылы мемлекет тартқан несиелердің 51 пайызы қолданыстағы борыштарды қайта қаржыландыруға бағытталған. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 2028 жылға қарай бюджет шығыстарының елеулі бөлігі тек қарыздарды өтеуге жұмсалуы мүмкін деген болжам бар. Үкімет мұндай қаржылық тәуекелдердің алдын алу үшін қандай нақты шаралар қабылдап жатыр және қарызға тәуелділіктен шығудың стратегиясы бар ма?» – деп сұрады депутат.
Өз кезегінде Серік Жұманғарин мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленгенін атап өтті.

Фото: primeminister.kz
«Бізде мемлекеттік қаржыны 2030 жылға дейін басқаруға арналған арнайы тұжырымдама бар. Оның негізі – фискалдық консолидация. Бұл, біріншіден, шығыстарды қысқарту, екіншіден, кірістерді арттыру деген сөз. Соның нәтижесінде мемлекеттік борыш көлемі де азаяды», – деді министр.
Оның айтуынша, бір қарызды екіншісімен қайта қаржыландыру халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады.
«Соңғы жылдары Қазақстанның халықаралық кредиттік рейтингтері жақсарып келеді. Соның арқасында біз қаржыны бұрынғыдан да тиімді шарттармен тарта аламыз. Мысалы, Panda Bond аясында тартылған қаражаттың мөлшерлемесі шамамен 1,9 пайыз болды. Сондықтан біз қымбат қарыздарды арзан қаржымен алмастырып, борыштық жүктемені оңтайландыруға тырысамыз», – деді Жұманғарин.
Министрдің мәліметінше, аталған тұжырымдамаға сәйкес бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету көзделген.
«Қазіргі таңда бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің шамамен 2,5 пайызын құрайды. Оны келесі жылы 1,7 пайызға, ал 2028 жылы 0,9 пайызға дейін қысқарту жоспарланып отыр», – деді ол.