Жетісу облысында ауыр туа біткен дертпен ауыратын баланы мүгедектік бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақыдан заңсыз айырғаны сотта анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта жергілікті тұрғынның медициналық-әлеуметтік сараптама шешімін заңсыз деп тану және жәрдемақы төлемдерін қалпына келтіру туралы талабы қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, талапкердің ұлы туғанынан бері ішектің ауыр ауруымен ауырады және бірнеше күрделі отадан өткен. Балаға 2018 жылы мүгедектік тағайындалып, кейін оның мерзімі 2021 жылдың сәуіріне дейін ұзартылған.
Алайда 2021 жылғы қайта куәландыру нәтижесінде №7 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімі балаға мүгедектік белгілемеу туралы шешім қабылдап, соның салдарынан жәрдемақы төлемдері тоқтатылған.
Талапкердің айтуынша, баланың денсаулық жағдайы жақсармаған, ол әлі де тұрақты күтім мен әлеуметтік қолдауды қажет етеді. Ал 2024 жылы балаға қайтадан мүгедектік тағайындалған.
Сот істі қарау барысында 2021 жылғы сараптама қорытындысын заңсыз деп таныды. Нәтижесінде уәкілетті органға 2021 жылғы 14 мамыр мен 2024 жылғы 17 шілде аралығындағы кезең үшін төленбей қалған жәрдемақыны қайта есептеп, толық қалпына келтіру міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.