Алматы облысының Қарасай ауданында Ақсай өзенінің жағалауын су шайып, жердің опырылуына байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, оқиға 2 шілде күні таңғы сағат 06:50 шамасында Жаңатұрмыс ауылындағы "Ақсай карьері" ЖШС аумағында болған. Ақсай өзені жағалауды шайып, карьердің солтүстік-батыс бөлігінде топырақ сырғыған.
Қауіпсіздік мақсатында жақын маңдағы 9 жеке тұрғын үйдің тұрғындары уақытша қауіпсіз жерге көшірілді.
Қазір оқиға орнында инженерлік және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жұмысқа 19 маман мен 14 арнайы техника жұмылдырылған.
Әкімдік Қарасай ауданында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеді. Бұл шешім апат салдарын жою жұмыстарын жедел ұйымдастырып, тиісті қызметтердің жұмысын тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді.
Облыс әкімдігі Алматы облысының өзге аудандарындағы жағдай тұрақты екенін атап өтті.
Сондай-ақ тұрғындарға сабыр сақтап, уәкілетті органдардың нұсқауларын орындауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақыру жасалды.