«Жеке кездескім келеді»: Ақтауда қайтыс болған жасөспірімнің анасы Денсаулық сақтау министріне жүгінді

«Жеке кездескім келеді»: Ақтауда қайтыс болған жасөспірімнің анасы Денсаулық сақтау министріне жүгінді
lada.kz/видеодан кадр скриншот

Ақтауда бірнеше ай ем қабылдағаннан кейін 13 жастағы ұлынан айырылған Жұлдыз Азанова Астанаға келді. Әйел Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен жеке кездесіп, баласының өліміне қатысты жауап алғысы келеді, деп хабарлайды ult.kz ulysmedia telegram арнасына сілтеме жасап.

Жұлдыз Азанова 6 тамыз күні таңертең Астанаға ұшып келген. Алайда оған министрмен кездесудің нақты күні әзірге айтылмаған.

«Бұл кездесу мүлде болмай қала ма деп қорқамын. Сондықтан жағдайға қоғамның назарын аудару үшін осы видеоны жазуды жөн көрдім. Маған алдағы сәрсенбі күні нақты жауап берілетіні айтылды», – деді Азанова.

Бұған дейін оған Денсаулық сақтау вице-министрімен кездесуді ұсынған. Алайда әйел бұл ұсыныстан бас тартып, министр Ақмарал Әлназаровамен жеке сөйлесуді талап етіп отыр. Қазір Азанова Бурабайда болып, Денсаулық сақтау министрлігінің шешімін күтіп отыр.

Азанова Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың Маңғыстау облысына жұмыс сапарына да қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, шенеунік сапар барысында өзі сұрақ қойып отырған бірнеше медициналық мекемеге бармаған.

Бұл отбасының оқиғасы сәуір айында қоғамға кеңінен тараған еді. Әйелдің айтуынша, 13 жастағы ұлының денсаулығына қатысты алғашқы мәселе қаңтар айында басталған. Жасөспірімнің іші қатты ауырып, оны аппендицит деген күдікпен облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Бірнеше сағат бақылауда болғаннан кейін аппендицит диагнозы расталмай, бала үйіне жіберілген. Алайда оның ішінің ауырғаны басылмай, дене қызуы көтерілген.

Кейінгі айларда олар дәрігерлерге бірнеше рет жүгінген. Алайда нақты диагноз қойылмаған. Ақыры бала ауруханаға жатқызылып, оған ота жасалған кезде аппендикстің жарылып кеткені және инфекцияның құрсақ қуысына тарағаны анықталған.

19 ақпанда жасөспірім санитарлық авиациямен Алматыға жеткізіліп, онда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері оның өмірі үшін екі айға жуық күрескен. 13 сәуірде жасөспірім қайтыс болды.