Ақмола облысында карьерлік жұмыстарға арналған жарылғыш заттарды тасымалдаған жүк көлігі қатысқан жол апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 16 маусым күні таңғы сағат 07:00 шамасында Астана – Атбасар – Жақсы автожолының 231-шақырымында, Бастау ауылы маңында болған.
Алдын ала дерек бойынша, 1996 жылы туған Chevrolet Tracker жүргізушісі көлікті басқара алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан ол 1973 жылы туған азамат басқарған "КамАЗ" жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен 1978 жылы туған жолаушы әйел оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полицияның хабарлауынша, жарылғыш заттарды тасымалдаған "КамАЗ" жүргізушісінде қауіпті жүк тасымалдауға қажетті барлық рұқсат құжаттары болған. Оқиға кезінде кабинада қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты күзетші де болған.