АҚШ-тың Майами қаласында Amazon Prime Air компаниясына арналған жүк ұшағы қону кезінде апатқа ұшырап, салдарынан кемінде бес адам қаза тапты. Тағы бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Үшеуінің жағдайы ауыр, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 6 қыркүйекте Майами халықаралық әуежайында болған. Prime Air-дің 7598 рейсін 21 Air әуе компаниясы басқаратын Boeing 767-300 жүк ұшағы орындаған. Ұшақ Пуэрто-Рикодағы Сан-Хуан қаласынан Майамиге бағыт алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, әуежай маңындағы жолға өтіп, бірнеше көлікпен соқтығысқан. Соқтығыстан кейін ұшақта өрт шыққан. Құтқарушылар оқиға орнына 60-тан астам арнайы техника мен жүздеген маманды жұмылдырған.
Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, апат орнында жанармайдың ағуы да байқалған. Кейбір адамдар көліктерінің ішінде қалып қойған. Құтқарушылар оларды арнайы техниканың көмегімен эвакуациялаған. Ұшақтың пилоты мен екінші пилоты да кабинада қысылып қалған.
Апаттан кейін Майами халықаралық әуежайындағы ұшу жұмыстары уақытша тоқтатылып, көптеген рейс кешіктірілген немесе кейінге шегерілген.