Қазақстанның бірқатар өңірінде 4 қыркүйекке қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Синоптиктердің болжамынша, Шымкентте солтүстік-шығыстан жел соғып, күндіз оның екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Қалада төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматы облысының тау бөктері мен таулы аймақтарында жаңбыр, найзағай, бұршақ жаууы мүмкін. Таулы аудандарда түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз облыстың шығысында желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірдің бірқатар аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматы қаласының Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарын қамтитын Іле Алатауында күндіз өткінші жаңбыр, найзағай күтіледі. Түнде және таңертең тұман түседі.
Түркістан облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болжанады. Облыстың батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні кей жерлерде 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Төтенше өрт қаупі сақталады.
Жамбыл облысының таулы аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және таулы аудандарда желдің жылдамдығы 15-20 м/с болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
Жетісу облысының таулы аудандарында күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі. 4-6 қыркүйек аралығында облыстың солтүстігінде жоғары, оңтүстігі мен шығысында төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік өңірлерде де ауа райы құбылады. Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстігінде жоғары өрт қаупі күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Оңтүстігінде түнде және таңертең тұман болады.
Павлодар облысының оңтүстігі, шығысы мен орталығында түнде және таңертең тұман күтіледі. Қостанай облысының батысы мен солтүстігінде тұман түседі. Солтүстік-батысында жоғары, ал оңтүстігі, оңтүстік-шығысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысының батысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау облысының батысы мен солтүстігінде күндіз шаңды дауыл тұруы мүмкін. Желдің екпіні 15-18 м/с болады. Облыстың барлық аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.
Маңғыстау облысының солтүстігі, оңтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Батысы мен солтүстігінде төтенше, орталығында жоғары өрт қаупі сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы мен орталығында түнде және таңертең тұман түседі. Таулы аудандарда түнде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Абай облысының солтүстігі мен орталығында тұман күтіледі. Күндіз оңтүстік-батыста желдің екпіні 15-18 м/с-қа жетеді. Облыстың шығысында түнде 2 градусқа дейін үсік күтіледі.
Қарағанды облысының оңтүстік-шығысында солтүстік-шығыстан жел соғып, екпіні 15 м/с болады. Облыстың орталығында жоғары өрт қаупі сақталады. Ұлытау облысында төтенше өрт қаупі бар.
Қызылорда облысының оңтүстігінде күндіз шаңды дауыл тұрып, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Облыс бойынша төтенше өрт қаупі сақталады.
Ал Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында жоғары, облыстың қалған аумағында төтенше өрт қаупі сақталады.