Жаңартылған JAC JS6 Қазақстан нарығына шықты

Жаңартылған JAC JS6 Қазақстан нарығына шықты

Allur автомобиль компаниясының құрамына кіретін JAC Motors Qazaqstan компаниясы JAC Drive | The New JAC JS6 іс-шарасы аясында жаңартылған JAC JS6 моделін таныстырды, деп хабарлайды ult.kz.

Іс-шара барысында брендтің барлық модельдік қатары қатысушыларға тест-драйв үшін ұсынылды. Күннің басты оқиғасы жаңартылған JAC JS6 кроссоверінің таныстырылымы болды. Қонақтар Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жаңа модельмен танысып, презентациядан кейін арнайы трассада көлікті өздері жүргізіп, оның динамикалық мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік алды.

Жаңартылған JAC JS6 қуаты 174 ат күшіне және ең жоғары айналу моменті 280 Н·м-ге тең 1,5 литрлік бензинді турбоқозғалтқышпен жабдықталған. Кроссовер алдыңғы жетекті жүйеге ие. Оның салоны кең, ал жүксалғышының көлемі 1 080 литрге дейін жетеді. Модельдің габариттік өлшемдері — 4 605 × 1 890 × 1 700 мм, доңғалақ базасы — 2 720 мм.

Автомобильдің сыртқы дизайны да жаңартылған. Атап айтқанда, радиатор торы біріктірілген жаңа алдыңғы бампер, күндізгі жүріс шамдарының жаңартылған дизайны және жаңа артқы бампер қарастырылған.

Көлік шанағының 70 пайызы жоғары берік болаттан жасалған. Екінші қатардағы жолаушыларға арналған орындықтарды жылыту функциясы мен USB Type-C қосқыштары бар. Модель сымсыз Apple CarPlay және Android Auto жүйелерін қолдайтын жаңа мультимедиялық жүйемен, сондай-ақ смартфонды сымсыз қуаттау құрылғысымен жабдықталған. Екі аймақты климат-бақылау жүйесін басқаруға арналған физикалық батырмалар да сақталған.

Сонымен қатар автомобильге жаңа жеті сатылы роботтандырылған беріліс қорабы орнатылған.

Қазақстандағы бағасы мен жинақталымдары

Қазақстан нарығында жаңартылған JAC JS6 екі жинақталымда ұсынылады:

Luxury — 9 590 000 теңге;

Intelligent — 9 990 000 теңге.

Автомобиль, оның жинақталымдары, сатып алу шарттары мен қолжетімділігі туралы өзекті ақпаратты еліміздің барлық өңіріндегі JAC ресми дилерлік орталықтарынан алуға болады.

Тест-драйв үш арнайы алаңда өтті

Іс-шара аясында JAC компаниясы модельдік қатардағы автомобильдерді үш арнайы алаңда сынақтан өткізуге мүмкіндік берді. Олар — жолсыз жермен жүруге арналған трасса, картинг алаңы және дрифт трассасы.

Қатысушылардың ерекше қызығушылығын жарыс форматындағы сынақтар тудырды. Қонақтар кедергілері бар арнайы дайындалған трассаны ең қысқа уақытта бағындыру бойынша өзара сайысқа түсті. Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен үш финалист анықталып, оларға естелік сыйлықтар табысталды.

JAC Drive форматы қонақтарға жаңа модельмен танысып қана қоймай, автомобильдерді әртүрлі трассаларда жүргізіп көруге және олардың мүмкіндіктерін жеке бағалауға мүмкіндік берді.