Жамбыл облысында өткен «Заңсыз келуші – 2026» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 563 дерегі анықталды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz жазуынша, тексеру нәтижесінде шетелдік азаматтардың рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметімен айналысуының 226 фактісі тіркелді. Сондай-ақ шетелдіктердің келуі туралы уақтылы хабарламаған және олардың ел аумағында болу тәртібін сақтамаған қабылдаушы тараптардың 141 дерегі анықталды.
Бұдан бөлек, қажетті рұқсатсыз шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 37 жұмыс беруші жауапқа тартылды.
Полицейлер шетел азаматтарының Қазақстан аумағында уақытша болу мерзімін бұзудың 55 дерегін тіркеді. Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.
Іс-шара барысында іздеуде жүрген жеті қылмыскердің жүрген жері анықталды. Олардың алтауы – шетел азаматтары.
Полиция заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу және көші-қон заңнамасын бұзғандарды жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.