Вьетнамға қоныс аудару үшін барған қазақстандық жұптың қол жүгінде болған 3 400 доллары ұшып келгеннен кейін жоғалып кеткен. Олар ақшаны Тбилиси – Алматы – Дананг бағыты бойынша Air Astana рейстерімен алып ұшқан, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Анна Магнели Instagram парақшасында видео жариялады.
Оның айтуынша, ақша конвертте болған және қол жүгі бүкіл сапар бойы өздерінде болған. Алайда Данангқа қонғаннан кейін апартаментке орналасып, конвертті ашқанда, ішіндегі 3 400 доллардың орнына Малави квачасы салынғанын анықтаған.
«Ақшаны жай ғана алып кетпеген. Конвертті ашып, 3 400 долларды алып, орнына басқа банкноттарды салып кеткен», – дейді ол.
Магнелидің сөзінше, бұл ақша олардың Вьетнамға қоныс аударғаннан кейінгі алғашқы уақытқа алған қаражаты болған. Жұп жинаған ақшасын әдейі долларға айырбастап, өздерімен бірге алып барған.
Қазір олар оқиғаның қай жерде және кімнің қатысуымен болғанын анықтауға тырысып жатыр. Жұп Air Astana әуе компаниясына ресми түрде жүгініп, өтінішін тіркеген.
«Қазір кімнің кінәлі екенін білмейміз, сондықтан нақты ешкімді айыптап отырған жоқпыз», – деді Анна.
Оның айтуынша, ақша жоғалғаннан кейін олар қиын жағдайға тап болған. Себебі Вьетнамдағы бірнеше күнге жалға алған апартаменттің ақысы да әлі төленбеген.
Анна әлеуметтік желі қолданушыларынан ақша сұрамайтынын және қайырымдылық жинауды жоспарламайтынын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда олар үшін ең маңыздысы – жағдайға назар аударту және авиакомпания өкілдерінің олармен байланысып, оқиғаны анықтауға көмектесуі.
Айта кетейік, қазіргі уақытта 3 400 доллардың нақты қай жерде жоғалғаны және оған кімнің қатысы бары туралы ресми ақпарат жоқ.