Қазақстандық үстел теннисшілері Алматыдағы WTT Contender Almaty 2026 турнирінде сәтті өнер көрсетіп жатыр. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Ырысбек Артықметов, Санжар Жұбанов және Ескендір Харки негізгі кезеңге жолдама алды. Жалпы, басты кезеңде Қазақстанның 10 спортшысы бақ сынайды, деп хабарлайды ult.kz.
Ырысбек Артықметов іріктеу кезеңіндегі шешуші кездесуде Еуропа чемпионы, Ресейдің бес дүркін чемпионы әрі 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Максим Гребневті 3:2 есебімен жеңді.
Санжар Жұбанов та тартысты кездесуде жеңіске жетті. Ол француз спортшысы Реми Бетелуге қарсы матчта алғашқы екі партияда ұтылып қалғанымен, ойын тізгінін өз қолына алып, қатарынан үш партияда басым түсті. Нәтижесінде қазақстандық спортшы 3:2 есебімен камбэк жасап, негізгі кезеңге өтті.
Ал Ескендір Харки іріктеу кезеңінен сенімді өтті. Шешуші кездесулерде ол алдымен Сағантай Құрманбаевты 3:1 есебімен жеңсе, кейін Бақдәулет Әкімәліден 3:0 есебімен басым түсті.
Осылайша, Ырысбек Артықметов, Санжар Жұбанов және Ескендір Харки WTT Contender Almaty 2026 турнирінің негізгі кезеңінде өнер көрсетеді. Жалпы, жарыстың негізгі кезеңіне Қазақстаннан 10 спортшы жолдама алды.
Алматыдағы халықаралық турнир 1-6 қыркүйек аралығында ADD Үстел теннисі орталығында өтуде. Жарысты тамашалау тегін.