Қаржылық мониторинг агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті марганец кенін заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер пайдаланудан шыққан карьерді рекультивациялау жұмыстарын жүргізіп жатқан кейіп танытқан. Алайда іс жүзінде аумақта ауыр карьер техникасы мен ұсату-жуу жабдықтары бар толыққанды тау-кен байыту кешенін іске қосқан.
Өндірілген марганец кені тауарлық концентратқа өңделіп, кейін теміржол арқылы шекаралас мемлекеттерге экспортқа жөнелтіліп отырған. Кенді жүйелі түрде тасымалдау үшін күдіктілер теміржол тұйығын жалға алған.
Тергеу дерегіне сәйкес, заңсыз өндіріліп, өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асып, оның жалпы құны 1 млрд теңгеден жоғары болған.
Заңсыз өндіріс салдарынан қоршаған ортаға да зиян келтірілген. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру құны 150 млн теңгеден асады.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.