Журналист Жанат Молдашова Әділхан есімді қарияның денсаулығы нашарлап, есте сақтау қабілеті төмендегенін хабарлады. Оның айтуынша, қарияға қатысты іс бойынша сот процесі басталғалы жатыр. Алайда қарт кісі қазір басынан өткен жайттарды баяндап бере алмайды, деп хабарлайды ult.kz.
Журналист Instagram парақшасында Әділхан атамен жазда кездесіп, әңгімелескенін жазды. Сол кезде қалаға арнайы келген қария өз жағдайын егжей-тегжей айтып, көзіне жас алған.
"Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын” деген осы. Ең өкініштісі, Әділхан ата бәрін ұмытқан. Қайран әке, жазда қалаға келіп, жылап отырып бәрін егжей-тегжей айтып берген еді. Енді сот басталады. Бірақ өзі сөйлей алмайды. Денсаулығы нашарлап, жады өшкен", – деп жазды Жанат Молдашова.
Журналистің жазбасына қарағанда, сол кездесуден кейін қарияның жағдайы нашарлаған. Ол Әділхан атаның сот қарсаңында өз басынан өткен оқиғаларды айтып бере алмай отырғанына алаңдаушылық білдірді.
Айта кетейік, Қарт әкесін тамақтандырған ер адам желідегілерді тәнті етті.
Не жағдай болды?
Әңгіме Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында тұрған Әділхан Сисенов туралы. Қария бұған дейін кенже ұлы өзін ұрып-соғып, скотчпен байлап, үйден шығармай қойғанын айтып, полицияға шағымданған. Оның сөзінше, жанжал 15 мың теңгеге байланысты шыққан.
Ақсақалдың айтуынша, баласы оған бірнеше рет қол көтеріп, ас-су бермеген. Түнде қария терезе арқылы сыртқа шығып, қарындасының үйіне барған. Қарындасы Кенжетай Сисенова да ағасының бұған дейін қорлық көргенін айтқан. Полиция өкілі 19 маусымда «ұрып-соғу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған. Кейін қарияны өзге перзенті үйіне алып кеткен.