Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Үй иелерін жертөлеге қамап, 4 млн теңге алған үш адамға қатысты үкім жойылды

Үй иелерін жертөлеге қамап, 4 млн теңге алған үш адамға қатысты үкім жойылды
Ашық дереккөзден

Ақмола облысында үш ер адам түнде бетперде киіп, аңшылық мылтықпен тұрғын үйге басып кірген. Үй иелерін қарумен қорқытып, 4 миллион теңгеден астам ақша мен бағалы заттарды алып кеткен. Алайда олар қарақшылық емес, тонау бабы бойынша сотталған. Бас прокуратураның наразылығынан кейін кассациялық сот үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, қаскөйлер үй иелерін жертөлеге қамап, мүліктерін тартып алған.

Прокуратура сотталғандардың әрекеті тонау емес, қарақшылық ретінде саралануы керек деп есептеп, кассациялық наразылық енгізген.

Ведомствоның түсіндіруінше, жәбірленушілер қарумен төнген қауіпті өз өмірі мен денсаулығына төнген нақты қатер ретінде қабылдаған. Қарудың атылғаны немесе техникалық жай-күйі туралы мәліметтің болмауы қарақшылық белгілерін жоққа шығармайды.

Кассациялық сот прокуратураның уәждерімен келісіп, бұрынғы сот актілерінің күшін жойды. Қылмыстық іс жаңадан қарауға жіберілді.

Сот мұндай істерді қарағанда тек келтірілген шығын көлемін емес, шабуылдың сипаты мен жәбірленушілерге төнген қауіпті де ескеру қажет екенін атап өтті.