Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде қазақ музыкасының көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Фестивальді тамашалауға 10 000-ға жуық көрермен жиналды. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, өңір тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.
Фестиваль аясында Қазақстанның танымал эстрада әншілері мен жас орындаушылар қазақ ән өнерінің алтын қорына енген Шәмші Қалдаяқовтың кеңінен танымал әндерін орындады. Концерттік бағдарламаға «Жігіттер» квартеті, «Melomen», «Turan Boys» топтары, сондай-ақ Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева және өзге де өнерпаздар қатысты. Сонымен қатар, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы да өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Фестиваль ұлттық мәдениетті дәріптеуге, композитордың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға және отандық эстрада өнерінің сабақтастығын дамытуға бағытталған осы жаздың маңызды мәдени шарасына айналды.
Іс-шара соңында өнерсүйер қауым Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаушылармен бірге шырқап, композитордың шығармашылығына зор құрмет көрсетті.