Түркістанда еліміздегі екінші Медиаорталық пайдалануға беріледі

Түркістанда еліміздегі екінші Медиаорталық пайдалануға беріледі

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Түркістан өңіріне жасаған сапары барысында облыс орталығында салынып жатқан Медиаорталыққа барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Медиаорталық — Алматы қаласының Түркістан облысына жасаған сыйлығы және ол қаланың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында құрылысы аяқталған алғашқы нысандардың бірі болмақ. Бұл - елордадағы «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінен кейін жаңадан салынған екінші Медиаорталық. Мұнда Түркістан облысындағы барлық телеарналар, радио, газет-журналдардың редакциясы орналасатын болады.

Ғимараттың жалпы көлемі — 3 мың шаршы метрді құрайды. Жобаның құны 4,8 млрд теңге.

Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2019 жылдың ақпан айында басталған болатын. Пайдалануға осы қазан айында беріледі деп күтілуде.

Жақында өңірге түркітілдес елдердің ірі БАҚ өкілдерін шақыру көзделіп отыр.