Тоқаев Шолпан-Атада өткен Орталық Азия және Әзербайжан басшыларының кездесуіне қатысты

Тоқаев Шолпан-Атада өткен Орталық Азия және Әзербайжан басшыларының кездесуіне қатысты
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында өткен Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми консультативтік кездесуіне қатысты, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысын әуежайда Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев қарсы алды.

Кездесуде сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев бейресми жиынды ұйымдастырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа алғыс айтып, қазақ пен қырғыз халықтарының бауырластығы мен достығының маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қырғызстанның дамуы бүкіл Орталық Азияның тұрақтылығы мен өркендеуіне оң әсер етеді.

Мемлекет басшысы қазіргі кезеңде өңірлік ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін айтып, «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарттың» күшіне енуін маңызды тарихи оқиға деп бағалады. Оның пікірінше, бұл құжат мемлекеттер арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңін бастап, өзара сенімге негізделген өңірлік ықпалдастықтың берік іргетасын қалайды.

Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке аталған шартқа қосылғаны үшін алғыс білдіріп, ендігі кезекте құжатты іске асыруға арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды.

«Өзара сенімнің нығаюы мен өңірлік ынтымақтастықтың қарқынды дамуының арқасында Орталық Азия жаңа тарихындағы аса табысты кезеңді бастан өткеріп жатыр деп нық сеніммен айтуға болады», – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Әзербайжанның консультативтік кездесулердің толыққанды мүшесіне айналуы өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіретінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл саяси диалогты тереңдетуге, инвестиция, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Президент соңғы жылдары өңірішілік сауда көлемі артып, бірлескен кәсіпорындар мен инвестициялық жобалар көбейгенін, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда Орталық Азияның халықаралық аренадағы рөлі күшейіп келе жатқанын атап өтті. Бұған мысал ретінде Қырғызстанның 2027–2028 жылдарға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын келтіріп, қырғыз халқын осы тарихи жетістікпен құттықтады.

Президент былтыр Ташкентте көтерілген өңірлік ықпалдастықты институционалдық тұрғыдан дамыту бастамаларының әлі де өзекті екенін айтып, Қазақстан достықты, тату көршілік пен стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.