Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин шағын құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу барысында мемлекет басшылары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік, өңірлік қауіпсіздік және бірлескен жобаларды талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентін Астанаға қош келдіңіз деп қарсы алып, бұл сапардың Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастарды нығайту үшін маңызды екенін айтты.
Президенттің сөзінше, келіссөздердің басты нәтижелерінің бірі – екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме болмақ.
«Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл мәлімдеме екі ел тарихындағы маңызды оқиға болады деп сенемін», – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда атом электр станциясын салуға қатысты келісімге ерекше тоқталды.
«АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні өте зор. Бұл баршаға түсінікті. Біз – достас, бауырлас елдерміз. Ортақ тарихымыз, мәдени байланысымыз бар», – деді Президент.
Өз кезегінде Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа шақырғаны үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен өзара құрметке негізделгенін атап өтті.
Ресей президенті бейресми кездесу барысында да екі ел ынтымақтастығының маңызды бағыттары талқыланғанын айтты.
Сонымен қатар Владимир Путин Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтіп жатқанын айтып, бұл мейрамның Қазақстанда да кеңінен тойланатынын ерекше атап өтті.