Төбесіне металл конструкция құлаған астаналық әйел әлі реанимацияда жатыр

Төбесіне металл конструкция құлаған астаналық әйел әлі реанимацияда жатыр


Елордада төбесіне металл конструкция құлап, зардап шеккен әйел 20 күннен бері реанимацияда жатыр. Бұл туралы ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан келіп түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Науқас әлі күнге дейін реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр», - деп хабарлады басқармадан. 

Еске сала кетейік, 22 қазан күні Нұр-Сұлтанда көпқабатты үй шатырынан металл конструкция құлады. 

Оқыс оқиға салдарынан 56 жастағы әйел түрлі жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті.

Сондай-ақ, қалалық полиция департаменті болған оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын хабарлады.

Кейін елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы науқастың өте ауыр халде екенін және оған тиісті медициналық көмектің көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.