Абай облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфир барысында балағат сөз айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған 26 жастағы бойжеткен әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде полиция қызметкерлері құқыққа қайшы контентті анықтаған. Тікелей эфирде бойжеткен былапыт сөздер айтып, қоғамдық әдепке қайшы әрекет жасаған. Сонымен қатар, ол есірткі қолданатынын мәлімдеген.
Полицейлер оның жеке басын жедел анықтады. Құқық бұзушының Түркістан облысының тумасы, қазіргі уақытта Семей қаласында уақытша тұрып жатқан 26 жастағы Азиза Қоқанова екені белгілі болды.
Медициналық куәландыру нәтижесі оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.
Сот шешімімен бойжеткен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ұсақ бұзақылыққа қатысты бабы бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
ІІМ әлеуметтік желілерде жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ведомство интернет кеңістігіндегі әрбір заңсыз әрекетке құқықтық баға беріліп, заң талаптарына сәйкес шара қолданылатынын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында TikTok-та тікелей эфир өткізіп, донат жинау мақсатында бір-біріне әдейі дене жарақатын салған екі 19 жастағы тұрғын да әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.