Сәуір мен мамыр айларында терроризм және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 13 адам сотталды. Қылмыстық істерді Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталғандардың бірі Астана тұрғыны әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттап, адамдарды террорлық белсенділік аймақтарына баруға үгіттеген. Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тағы бір іс бойынша Шымкент тумасы айналасындағыларды Қазақстан аумағында теократиялық мемлекет құруға шақырып, террористік сипаттағы идеяларды таратқаны үшін 7 жылға сотталды.
Осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Жамбыл облысы, Қарағанды, Түркістан және Абай облысы аумақтарында осындай қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 11 адам ұсталды. Олардың қатарында екі шетел азаматы және шетелден экстрадицияланған үш қазақстандық бар.
Күдіктілердің интернетте және айналасында экстремистік мазмұндағы материалдар таратқаны, сондай-ақ зорлық-зомбылыққа және радикалды әрекеттерге шақырғаны анықталған.
Қазіргі таңда бұл істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.