Тегеран қаласында қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының мұрасына арналған халықаралық семинар өтті. «ЭЫҰ айнасындағы Абай ойының бейнесі» атты іс-шараны ЭЫҰ Мәдениет институты Қазақстанның Ирандағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды ult.kz.
2026 жылғы 24 тамызда өткен семинарға ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің елшілері, лауазымды тұлғалары мен ғалымдары қатысты.
ЭЫҰ Мәдениет институтының президенті Мұхаммад Хасан Абайдың ойлары Қазақстан шекарасынан асып, ЭЫҰ кеңістігіндегі халықтар үшін де маңызды екенін атап өтті. Ол Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасына тоқталып, қоғамның жаңғыруы ең алдымен адамның ішкі өзгеруі, этиканың нығаюы және дәстүр мен қазіргі заманның сабақтастығымен байланысты екенін айтты.
Қазақстанның Ирандағы елшісі Оңталап Оңалбаев Абайды қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушы әрі білім, ғылым, еңбек пен әділеттілікті насихаттаған әлемдік деңгейдегі ойшыл ретінде таныстырды. Оның айтуынша, Абайдың рухани мұрасы бүкіл адамзатқа ортақ құндылық әрі мәдени байланыстарды нығайтатын маңызды көпір.

Семинардың ғылыми бөлімінде Абай шығармашылығы түрлі қырынан талқыланды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ислам Жеменей Абайдың рационализмге, ақыл мен этиканың үйлесіміне негізделген ой жүйесіне тоқталды.
Қырғызстандық зерттеуші Мехрам Құрбанбекқызы Құлбаева Абайдың қазақ-қырғыз әдеби байланыстарындағы орны мен «Қара сөздердің» қоғамдық сананы оятудағы рөлін сөз етті.
Ал Иранның Гуманитарлық және мәдени зерттеулер институтының доценті Мұхаммад-Амин Шахджуи Абай мұрасын «Басқа» этикасы мен эмпатия тұрғысынан талдады. Өзбекстандық профессор Норбай Джабаров Абай шығармаларындағы Әлішер Науаи дәстүрін қарастырды.
Іс-шара соңында Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды. Қазақстан елшісі ЭЫҰ Мәдениет институтының президентіне шапан жапты.
Сонымен қатар семинарға қатысқан елшілер мен қонақтарға шираздық жазушы Меһди Миразимидің «Бір беттік кітап» атты еңбегі тарту етілді.