Шымкентте тиісті лицензиясы мен маман сертификаты болмаған ер адам пластикалық ота жасап, пациенттің бір көзінің көру қабілетінен айырылуына себеп болған. Сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды ult.kz.
Шымкент прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам әйелге заңсыз блефаропластика жасаған. Операциядан кейін пациент бір көзінің көру қабілетін толық жоғалтқан.
Сот оны Қазақстан Қылмыстық кодексінің 322-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Сонымен қатар сотталған адамға үш жыл бойы медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Прокуратура азаматтарды медициналық қызмет көрсетушінің лицензиясы мен біліктілігін алдын ала тексеруге шақырды. Ведомствоның айтуынша, тиісті құжаты жоқ адамдарға жүгіну денсаулыққа ауыр зардап әкелуі мүмкін.