Шымкентте 8 жастағы қызға тиіскен көпбалалы әке сотталды

Шымкентте 8 жастағы қызға тиіскен көпбалалы әке сотталды
Фото: видеодан кадр

Шымкентте 8 жастағы қызға жыныстық сипаттағы әрекет жасаған 56 жастағы ер адам 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін оған айыппұл түріндегі жаза тағайындалған еді. Алайда іс қайта қаралып, сот жаңа үкім шығарды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға биыл 28 сәуірде көпқабатты үйдің кіреберісінде болған. Сот материалдарына сәйкес, ер адам көрші тұратын 8 жастағы қызға шоколад алып беруге уәде беріп, соңынан ерген. Кейін екеуі лифтіге кірген кезде ол балаға ақша ұсынып, өзімен бірге алып кетуге әрекет жасаған.

Қыз ер адамның ұсынысына келіспей, лифттен қашып шыққан. Алайда ер адам оның соңынан еріп, баланы құшақтап, денесіне қол тигізген. Қыз босап шығып, баспалдақпен жоғары қарай жүгіріп, көршілерінен көмек сұраған. Оқиғаның бір бөлігі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 

Қыздың анасы кейін отбасының қауіпсіздік үшін басқа жерге көшкенін айтқан. Оның сөзінше, оқиғадан кейін бала ер адамдардан қорқып қалған және көшеге жалғыз шығудан қорыққан. 

Бұл іс алғаш қаралған кезде сот ер адамға 50 АЕК, яғни 216 250 теңге көлемінде айыппұл салған. Ол кезде сотталушының ІІ топтағы мүгедектігі, жұмыссыз екені және асырауында кәмелетке толмаған балалары бары ескерілген.

Алайда жәбірленуші тарап алғашқы үкіммен келіспей, істі қайта қарауды талап еткен. Кейін алғашқы үкімнің күші жойылып, іс қайта қаралды. Прокуратура 8 жыл бас бостандығынан айыруды, ал жәбірленуші тарап 10 жыл жаза тағайындауды сұраған. 

Нәтижесінде сот 56 жастағы ер адамды Қылмыстық кодекстің 124-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оны кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырған. 

Айта кетейік, 15 маусымда қыздың анасы БАҚ-қа сұхбат беріп, оқиғаның қалай болғанын айтып, сот үкімімен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, ер адам қызға ақша ұсынып, дүкенге апармақ болған, кейін лифтте және подъезде оған тиісіп, үйіне кіргізбек болған.